Білім

Сырлы саз  бен әсемдіктің  мекені

Ғасыр басындағы сауатсыздықты жою кезінде бас көтеріп, күні бүгінге дейін еліміздің ағарту саласында өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқан біздің оқу орнымыз 1922 жылы педагогикалық курс негізінде құрылды. 1925 жылы Ақтөбе қазақ педагогикалық техникумы, 1937 жылы педагогикалық училищеге айналып, 1997 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту колледжімен біріктіріліп, Ақтөбе гуманитарлық колледжі статусына ие болды.

1958 жылы педучилищенің мектеп бөлімінде қосымша музыка пәнінің мұғалімі мамандығы енгізілді. 70-жылдары мектепке дейінгі балалар және музыка мекемелерінің көбейіп, өріс алуына байланысты 1970 жылы музыка бөлімі орыс тілінде ашылды. 1982 жылы қазақ тілінде ашылып, екі тілді музыка бөлімі жұмыс жасады. Бөлімде музыка пәнін оқытатын арнайы орта білімді мұғалімдер даярлады. Еліміздегі әлеуметтік қиыншылықтар кезеңінде 1992 жылы «Музыка» бөлімі жабылды. 1997 жылдан бастап «Мәдениет» бөлімінде мәдени демалысты ұйымдастырушы, би ұжымының жетекшісі, графикалық дизайн, киім дизайн шеберлері, оркестр жетекшілері, кітапхана ісі мамандары даярланып келді.

2005 жылы «Музыкалық білім беру» мамандығы қайта ашылып, кеңейіп, «Мәдениет-саз» бөлімі атанды. Бөлім меңгерушісі болып ҚР білім беру ісінің үздігі  Ж.Искарина бекітілді. «Музыкалық білім беру» мамандығына 25 адам қабылданып, жаңа кезеңнің жаңаша бастамаларымен ізгі жолға түсті. 2006 жылы «Технология» мамандығы қосылды.

«Мәдениет және саз» бөлімінде 52 оқытушы қызмет жасап, 182 оқушы «Музыкалық білім беру», «Әлеуметтік-мәдени қызмет, халықтық көркемөнер шығармашылығы» және «Кітапхана ісі» мамандықтары бойынша білім алуда.

Бөлімде оқу-тәрбие жұмысы жақсы жолға қойылған. Оқушылар қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иемденіп жүр. Әр түлек өз орнын тауып, биіктерден көрініп, бөлімнің ғана емес, колледж мақтанышына айналып отыр. Біздің түлектер облысымыздың, республиканың барлық өңірінде еңбек етіп, еліміздің білім, өнер саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Шолпан ШУМАҚОВА,

Ә.Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің «Мәдениет және саз» бөлімі меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button